КВИ-ға қарсы вакцинация жүргізу бойынша
СҰРАҚ-ЖАУАПТАР
1. Ресейден басқа тағы қандай вакцина өндірушілерімен ынтымақтастық туралы келіссөздер жүргізілуде, қандай вакцинаны күту керек?
Жауап: қазіргі уақытта ҚР Денсаулық сақтау министрлігі “Sinovac”, “Sinopharm” (Қытай), “Pfizer” (АҚШ) қоса, басқа да коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина өндірушілерімен келіссөздер жүргізуде.
2. Вакцинация мәжбүрлі түрде болмайды дейді, бірақ ұйымдарда жасырын түрде адамдардың құқықтарына қысым жасайтын жағдайлар болмайды ма?
Жауап: Қазақстанда вакцинация ерікті түрде жасалады. ҚР “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” кодексінің 77-бабына сәйкес кез келген медициналық рәсім, оның ішінде вакцинация егілушінің тек ақпараттандырылған келісімімен ғана жүргізіледі. Қазақстанда вакцинациядан бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған.
3. Вакцинадан кейін бірден немесе кейінірек жағымсыз реакциялар немесе асқынулар болған жағдайда, оған нақты кім жауап береді? Науқастар шағыммен қайда жүгіне алады?
Жауап: вакцинаны қолдануға тән жағымсыз көріністер көбінесе жеңіл немесе орташа айқындылық дәрежесінде болады, мұндай жағдай вакцинациядан кейінгі бірінші-екінші тәулікте дамуы мүмкін және 3 күнге дейін бұл қалыпты болып табылады.
Көбінесе қысқа мерзімді жалпы (қалтырау, дене температурасының жоғарылауымен сипатталатын қысқа тұмау тәрізді синдром, артралгия, миалгия, астения, жалпы әлсіздік, бас ауруы) және жергілікті (инъекция орнындағы ауырсыну, гиперемия, ісіну) реакциялар дамуы мүмкін.
Күрделі ИКҚК дамыған кезде денсаулық сақтау басқармасы деңгейінде санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдерін тарта отырып, ИКҚК жөніндегі сараптама комиссиясы құрылады. ИКҚК-нің әрбір жағдайы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 29 қазандағы № ҚР ДСМ-169/2020 “Инфекциялық, паразиттік аурулар және (немесе) улану, иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністер жағдайларын тіркеу және тергеп-тексеру, есепке алу және олардың есептілігін жүргізу қағидаларын бекіту туралы” бұйрығының талаптарына сәйкес тіркелуге, есепке алынуға және тергеп-тексерілуге жатады.
ИКҚК тіркелген жағдайда тергеу жүргізіледі. Егер вакцинациямен (енгізу техникасын бұзу, вакциналарды сақтау және тасымалдау талаптарын бұзу) байланысты жағдай анықталса, жауапты адамдар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
4. Вакцинация процедурасы алдындағы механизмді түсіндіріп өтсеңіз? Қандай да бір құжаттарға қол қою керек пе?
Жауап: вакцинациялауға профилактикалық егуге қарсы көрсетілімдері жоқ адамдар жіберіледі. Вакцинация жүргізер алдында дене температурасын өлшеу, эпидемиологиялық анамнезді жинау, сатурацияны, жүрек жиырылуының жиілігін, артериялық қысымды өлшеу, тыныс алу және жүрек-қантамыр жүйесін аускультациялау және жұтқыншақты тексеру секілді дәрігердің міндетті тексеруі жүргізіледі. Егер температура 37°C-тан асса, вакцинация кейінге қалдырылады.
Егілетін адам егуді жүргізу алдында 13.06.2018 жылғы № 361 Санитариялық қағидаларға сәйкес нысан бойынша жазбаша түрде ерікті ақпараттандырылған келісімге немесе профилактикалық егуді жүргізуден бас тартуға қол қояды.
5. Коронавирусқа қарсы вакцинация паспорты дегеніміз не? Құжаттың болуы адамдарға қосымша мүмкіндіктер ашады ма немесе бұл құжат формалды бола ма?
Жауап: вакцинацияның электрондық паспорты – бұл вакцинацияның медициналық тарихы. Бұл вакцинацияланатын халықты үздіксіз жүргізу, бақылау және мониторинг жүргізу үшін денсаулық сақтау саласындағы негізгі модуль (функционалдылық). Қазіргі уақытта ВЭП әзірлеу аяқталу сатысында тұр. ВЭП Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесінде медицина қызметкерлері үшін іске асырылған, ал пациенттер үшін – eGov Mobile мобильдік қосымшасы пайдаланылады.
Егудің электрондық паспорты егу рәсімінен өткеннен кейін тікелей eGov Mobile мобильдік қосымшасында қолжетімді болады. ВЭП-да егілген азамат туралы, ол алған вакцинаның түрі, вакцинация процедурасының кезеңділігі, сондай-ақ вакцинациядан кейінгі кезеңдегі бақылау туралы ақпарат болады. ВЭП болуы қосымша артықшылықтар бермейді.
6. Қарағанды зауытында өндірілетін Спутник V вакцинасын біз Ресей нарығы үшін өндіреміз бе әлде отандық нарық үшін бе?
Жауап: Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген Гам-КОВИД-Вак вакцинасы тек Қазақстан Республикасында ғана қолданылатын болады.
7. Қазақстандықтар үшін COVID-19 вакцинасы қанша тұрады? Адамдарға ПЛАЦЕБО қоя ма?
Жауап: халықтың осал топтары үшін коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация ТМККК шеңберінде тегін негізде (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) ұсынылатын болады.
Коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация кезінде плацебо қолданылмайды. Плацебо әдетте бақылау топтары үшін плацебо әсерін вакцинаның нақты әсерінен бөлу мақсатында клиникалық сынақтар кезінде қолданылады.
8. Қазақстанда балаларға коронавирусқа қарсы вакцина жүргізіледі ме?
Жауап: “Спутник V” вакцинасы 18 жасқа дейінгі балаларға ұсынылмайды, себебі вакцинаны осы жас тобында қолдану әлі зерттелген жоқ. Вакцинаны тек ҚР кәмелетке толған азаматтары ғана ала алады. Қазақстанда өндірілген вакцина қазіргі уақытта клиникалық сынақтың 3 сатысында тұр.
9. Медициналық сақтандыру қоры бойынша вакцина алуға болады ма?
Жауап: коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялауға инфекцияны жұқтыру және тарату қаупі жоғары халықтың осал топтары, одан әрі иммундауға жататын халықтың қалған топтары жатады. Коронавирустық инфекцияның таралу және таралу қаупі жоғары топтар үшін вакцинация ТМККК есебінен тегін жүргізіледі.
10. Егер вакциналар қауіпсіз болса, неге ел басындағылар вакцинация жасамайды?
Жауап:
1) АҚШ-та вакцинаны сайланған президент Джо Байден алды. Ол 78 жаста және ол қауіп тобына кіреді. Байденге Pfizer және BioNTech вакцинасы енгізілді.
2) Гвинея Президенті Альфа Конде “Спутник V” вакцинасымен егілген елдің алғашқы басшысы болды. Сондай-ақ, елде 19 жоғары лауазымды тұлға, оның ішінде қорғаныс министрі инфекцияға қарсы егілді.
3) Аргентина президенті Альберто Фернандес ресейлік “Спутник V” вакцинасымен коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация жасады. Президентке дейін Буэнос-Айрестің Денсаулық сақтау министрі Даниэль Голлан вакцинацияланды.
4) Венесуэла президентінің ұлы Николас Мадуро Герра коронавирусқа қарсы Ресейлік “Спутник V” вакцинасымен егілді.
5) Түркия президенті Режеп Ердоған қытайлық СoronaVac препаратымен коронавирустық инфекцияға қарсы егілді. Алғашқы егуді Түркия Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Фахреттин қожа жасады.
6) Ватиканда 84 жастағы Рим Папасы Франциск пен 93 жастағы Рим Папасы Бенедикт XVI Pfizer вакцинасымен егілді.
7) Актер және бұрынғы калифорния губернаторы Арнольд Шварценеггер Pfizer және BioNTech вакцинасымен егілді. Американдық деректі кинорежиссер Оливер Стоун ресейлік “Спутник V” коронавирустық инфекциясына қарсы вакцина жасады.
8) Қазақстанда отандық вакцинамен коронавирусқа қарсы алғашқы екпені ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов алды. Сондай-ақ, еріктілердің қатарында ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев вакцина алды.
11. Қазақстан Республикасында қандай вакцина қолданылады?
Жауап: 2021 жылдың ақпан айынан бастап ҚР-да Ресейде шығарылған Гам-КОВИД-Вак (“Спутник V”) вакцинасымен КВИ-ға қарсы вакцинация басталады. Бұдан әрі, вакцинация Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген Гам-КОВИД-Вак вакцинасымен жүзеге асырылады. 2021 жылдың 2 тоқсанынан бастап отандық өндіріс – QazCovid-In препаратымен вакцинациялауды бастау жоспарланып отыр, ол қазіргі уақытта клиникалық сынақтардың 3-кезеңінде тұр.
12. Коронавирустық вакцинаны кім ала алады?
Жауап: Вакцинация вакцинаның түсуіне байланысты кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бұл ретте, бірінші кезекте, коронавирустық инфекцияны жұқтыру және тарату қаупі жоғары халықтың осал топтары вакцинацияланып, одан әрі иммундауға жататын халықтың қалған топтары қамтылатын болады.
Бірінші кезеңде жұқпалы аурулар ауруханаларының, жедел медициналық көмек, реанимация, АМСК, қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлері, санэпидқызмет қызметкерлері вакцинациямен қамтылады. Екінші кезеңде вакцинация жалпы білім беретін мектептердің, жоғары оқу орындарының педагогтарын, бірінші кезеңге кірмеген медициналық қызметкерлерін қамтиды. Үшінші кезең мектеп-интернаттардың, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің педагогтарын, студенттер мен созылмалы аурулары бар адамдарды, медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметкерлерін қамтиды.
Бұдан басқа, кейіннен халықтың қосымша осал топтарын қоса отырып, контингентті кеңейту жоспарлануда.
13. Коронавирустық вакцинадан аллергиялық реакция болуы мүмкін бе?
Жауап: кез келген вакцинациядан бұрын медицина қызметкері егілушіде аллергияның болуын нақтылайды. Егер ауыр аллергиялық ауру болса, адамға егуден медициналық шеттету беріледі. Сонымен қатар, аллергиялық реакцияны болжау мүмкін емес, өйткені әр организм өзінше бөлек. Уақтылы әрекет ету үшін вакцинациядан кейінгі алғашқы 30 минутта адам медициналық бақылауда болуы керек (мед.мекеме қабырғасында): дәл осы кезеңде вакцинаға аллергиялық реакция пайда болуы мүмкін.
14. Ресейде вакцина алғандарға және вакцинацияланғандарға күнделікті телефон арқылы тексеру жүргізіледі. Бізде де осындай техникалық сәттер қарастырылған ба?
Жауап: барлық вакцинацияланғандар алғашқы 30 минутта медициналық мекемеде дәрігердің бақылауында болады. Келесі 3 күнде олар тіркелген жердегі учаскелік дәрігерлердің динамикалық бақылауында болады. Медициналық бақылау рәсімі кез келген екпені алғаннан кейін жүргізіледі. Сонымен қатар, вакцинацияланған әрбір адамға вакцинаның ықтимал жанама әсерлері және осындай әсерлер пайда болған жағдайда олар жүгіне алатын емханалардың телефон нөмірлері көрсетілген арнайы жадынама беріледі.
15. Қарағанды зауытында шығарылатын вакцина қайда қолданылады?
Жауап: Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген Гам-КОВИД-Вак вакцинасы тек Қазақстан Республикасында ғана қолданылатын болады.
16. Неліктен вакцинаны екі кезеңде алу керек?
Жауап: коронавирустық вакцинаны 21 күндік аралықпен екі кезеңмен енгізу керек. Бірінші доза антиденелердің аз мөлшерін өндіруге байланысты қысқа қорғаныс әсерін береді. Екінші доза біріншісінің әсерін күшейтеді және бекітеді, адам ағзасындағы антиденелер саны артады.
17. Ресейлік “Спутник V” вакцинасының сапасы жеткілікті тексеруден өтті ме?
Жауап: бұл вакцина Ресей Федерациясында мемлекеттік тіркеуден өтті және бірнеше ай бойы халықтың осал топтарын иммундау үшін қолданылады. Ресей Федерациясының тікелей инвестициялар қорының мәліметінше, 50-ге жуық ел осы вакцинаны сатып алуға өтініш берген, ал кейбір елдер (Беларусь, Аргентина, Сербия) қазірдің өзінде қолдануда.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тіркелмеген дәрілік заттарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу кезінде қазақ немесе орыс тілдерінде аудармасы бар дәрілік заттың сапасын растайтын өндіруші құжатының электрондық көшірмесі (талдау сертификаттары немесе сынақ хаттамасы немесе сапаны бағалау көрсеткіштері бар сапа паспорты) болуы міндетті. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № 850 қаулысымен Қазақстан Республикасында өндірілген covid-19 коронавирусына қарсы вакциналарды уақытша мемлекеттік тіркеу ережесі бекітілді.
18. Біздің елімізде қандай вакциналар жасалуда?
Жауап: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тіркеген коронавирустық инфекцияға қарсы кандидат-вакциналардың ішінде Қазақстанда шығарылған 5 кандидат-вакцина бар. Біріншісі – ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты (бұдан әрі –БҚП ҒЗИ) әзірлейтін, клиникалық зерттеулер сатысындағы белсенді емес вакцина. Сонымен қатар:
1) Қазақ ұлттық аграрлық университеті Огайо (АҚШ) штатының университетімен бірлесіп;
2) Қазақ ұлттық аграрлық университеті;
3) М. Айкимбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық орталығы;
4) БҚП ҒЗИ-мен әзірленетін және клиникаға дейінгі зерттеулер сатысында тұрған тағы төрт суббірлікті вакцина.
19. Интернетте вакцинация арқылы халықты жаппай чиптеу туралы қауесеттер таралуда. Бұл қаншалықты шындыққа жанасымды?
Жауап: Қазақстан Республикасында бірде-бір вакцинация адамдарды ешқандай чиптеуді көздемейді. Егуді алу алдында әр адам вакцинаның құрамы туралы ақпарат берілген нұсқаулықпен танысуға құқылы.
20. Неліктен коронавирустық вакцина осыншалық тез жасалды?
Жауап: пандемия кезінде бұл вакцинаға шұғыл қажеттілік туындады. CОVID-19 вакциналарының жасалуы бүкіл әлемде коронавирустық инфекциядан жаппай инфекция мен өлім жағдайларына байланысты өте шұғыл жағдайда жүргізілді. Сонымен қатар, фармацевтикалық компаниялар проблеманың ғаламдық болуына байланысты вакцинаны тез әзірлеуге айтарлықтай ресурстар жұмсады. Бірақ оның жылдам жасалуы компаниялардың қауіпсіздік хаттамаларын айналып өткенін білдірмейді.
“Спутник V” вакцинасына келетін болсақ, оны жасап шығарушы Гамалеи атындағы эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығы алдыңғы құрылған дамуларға сүйенді. Орталық пандемиядан бұрын-ақ SARS-CoV-2 коронавирусын қамтитын РНҚ-ы бар қабықшалы вирустарға қарсы вакциналар мен препараттар жасаудың технологиялық платформасын ашқан болатын.
21. Жағымсыз көріністер?
Жауап: клиникалық зерттеулер, сондай-ақ ұқсас технологиялық платформа негізінде басқа вакциналарды зерттеу шеңберінде анықталған вакцинаны қолданудан жағымсыз әсерлер көбінесе жеңіл немесе орташа біліну дәрежесінде болады, бұл жағдай вакцинациядан кейінгі бірінші-екінші тәулікте дамуы мүмкін және келесі 3 күн ішінде қалыпты болып табылады. Көбінесе қысқа мерзімді жалпы (қалтырау, дене температурасының жоғарылауымен сипатталатын қысқа тұмау тәрізді синдром, артралгия, миалгия, астения, жалпы әлсіздік, бас ауруы) және жергілікті (инъекция орнындағы ауырсыну, гиперемия, ісіну) реакциялары дамуы мүмкін. Ресейлік әріптестерінің айтуынша, вакцинацияланғандардың 6%-ында КВИ вакцинасына ИКҚК тіркелген.
22. КВИ-ге антиденелердің деңгейі неге байланысты?
Жауап: иммундық күйге және адамның жеке ерекшеліктеріне, оның ішінде денеде қорғаныш ақуыздарын шығару қабілетіне байланысты.
23. Егер адам екі кезеңнің арасында коронавируспен ауырса, вакцинаның екінші компонентін енгізу керек пе?
Жауап: мұндай адам covid-19 инфекциясымен ауырушы ретінде бағаланады, яғни вакцинацияны аурудан кейін 6 айдан соң жүргізуге болады. Егер вакцинация кезеңдері арасында адам ЖРВИ сияқты немесе басқа жұқпалы аурумен ауырса, онда екінші вакцинация біріншіден 21 күн өткен соң емес, сауығып, қалпына келгеннен кейін 2 аптадан кейін жасалуы керек. Егер бұл CОVID-19 болса, онда вакцинаның екінші компонентін аурудан кейін бірден енгізуден сақтану керек.
24. Дозалар арасында Ковид болуы мүмкін бе?
Жауап: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары бірінші вакцинациядан кейін вакцинацияның екінші кезеңіне дейін адамдармен байланысты азайту және барлық алдын-алу шараларын сақтау қажет екенін еске салады. Иммунитет біртіндеп дамиды, сондықтан осы кезеңдер арасында адам қорғалмаған, осал болады. Ол коронавируспен ауыруы мүмкін.