Түйіндеме бойынша кеңес

Түйіндемені ЖАЗУҒА ҚАТЫСТЫ 10 КЕҢЕС

 
  1. Түйіндемені ешқашан Word форматта жібермеңіз. Себебі Уорд форматта кез келген ақпаратыңыз өңделеді және пошта арқылы ашқанда әріптер жан-жаққа шашылып, ұсқынсыз көрінеді. Microsoft Office соңғы жылғы версияларында Word форматты сақтағанда PDF етіп сақтауға болады.
  2. Түйіндемеге міндетті түрде позитив фотоңызды қойыңыз немесе фотоңызды көретін әлеуметтік желілеріңіздің адресін жазыңыз. Мысалы, менің компанияма клиенттермен сөйлесетін бойы ұзынырақ қыз керек деген соң, түрі де, дене бітімі де маңызды. Сондықтан адамның түрін көруіміз керек.
  3. Ешқашан Mail.ru пошта жазбаңыз. Сондай-ақ, поштаңызда жылыңыз, лақап атыңыз немесе қай өңірден екеніңіз жазылмасын. Мысалы: nurgul94@mail.ru, gumi-001@mail.ru, asel_from_aktau@mail.ru сияқты пошта иелерін өз басым жұмысқа алмаймын. (Айтпақшы, мына пошталарды ойдан шығара салдым, дәл осындай пошта иелері болып жатса, жай сәйкестік болғанын айта кетейін) Оқыған-тоқыған, көзі ашық адамның поштасы gmail.com сияқты әлемдік сервис болуы шарт. Mail.ru – МАЛ.ру атымен танымал.
  4. Тілдер туралы біліміңізді көрсеткенде “со словарем” немесе калькаланған “сөздік бойынша” аудармасын жазбай-ақ қойыңыздар. Бұл сөз – дым білмеймін дегенді білдіреді ғой. Сөздік қолданбай-ақ Google Translator беретін болса, әлемнің кез келген тілінде сөйлеуге болады.
  5. Тағы бір бөлімге Internet Explorer атты браузерді жазып, масқара болудың қажеті жоқ. Бұл браузердің логосында Е әрібі тұрушы еді. Оны бүкіл xалық ЕСЕК деп айтады, себебі әлемдегі ең құрыған жайбасар браузер. Оны шығаратын Майкрософт компаниясының өзі Explorer-ді жетілдіріп, саппорт жасауды тоқтатты.
  6. “Маған резюменің үлгісін жібере аласыз ба?”, резюме жіберіңіз деген поштаға “Сізбен қалай xабарласуға болады?” немесе барлық шарттарын жазып қойған жарнама туралы “Ол қандай жұмыс екенін толығырақ білуге бола ма?” деп онсыз да жұмысы көп адамның уақытын алып, жүйке талшықтарын өлтірудің “ауыр күнә” екенін айта кетейін )))
  7. Істемейтін телефон нөмірді, компаниядағы поштаңызды немесе университетіңіздің, клубыңыздың, группаңыздың поштасын беруші болмаңыз. Сондай-ақ, резюмені құжат ретінде емес, жеке чатқа, поштаға мәтін түрінде жіберуді қанша ойласам да түсіне алмадым. Аяқ астынан жұмыс шыққан соң, асығып-үсігіп жаза салған сияқты көрінді.
  8. Қазіргі заман әлеуметтік желілердің тренд болып тұрған уақыты. Сондықтан сізді шақырып, әуре қылмай қандай маман екеніңізді білу үшін әлеуметтік желідегі аккаунттарыңызды да қосымша ақпарат ретінде қалдыра салу зиян болмайды. Болашақта осы парақшамды менің жұмыс беруші компаниям қарайды-ау деген стратегиялық жоспармен қазірден бастап, әлеуметтік желідегі әр салған фотоңыз бен жазбаңызға аса мән беріңіз. Инстаграм мен Фейсбуктағы анкетаңызды көрген адам резюме көргендей күй кешетін болсын. Сонда сізге жұмыс берушілер көптеп xабарласады.
  9. Жалпы қазірден бастап, резюмесіз жұмысқа кіретіндей деңгейде мықты, кәсіби маман болуға тырысыңыз. Сіздің әлеуметтік желідегі жазған жазбаңызды көріп, бірден жұмысқа шақыратын немесе оффлайнда өзіңізді қалай ұстап, қалай сөйлегеніңізге қарай сізге аяқ астынан жұмыс ұсынатын деңгейде алғыр hәм пысық болыңыз. Өз басым бір рет қана “для галочки” құжаттар тізімінде болу үшін ғана резюме жазып көрдім. Бірақ оның өзі аппақ парақта емес, көздің жауын алмаса да, кішкене әдемірек болды.
  10. Резюмеңізді барынша сәндеңіз. Аппақ парақтағы резюмені кез келген ксерокс жасайтын жердегі жігіт жасап береді. Ал мына суреттегідей түрлі түсті резюмені жасасаңыз, жұмыс беруші креативіңізге тәнті болып, міндетті түрде xабарласады. Google.com атты Құдай бере салған сайт бар, соған кіресіз де, “cv templates word” немесе Russian-ша “резюме шаблоны word” десеңіз, тегіні бар, ақылысы бар миллион түрлі шаблон шығарып береді, соның біреуін алып, бүкіл мәліметіңді салып шықсаңыз, өз резюмеңізге өзіңіз ғашық болып қаласыз.
“Жұмыс жоқ, жұмыс жоқ” деп зар жылап, Үкіметтегі ағаларымыздың басын ауырта бермей, кішкене өздеріңіз де тырысып көріңіздер. Менің іздеп жатқан маманыма келсек, жазу-сызуды білетін, пысық, алғыр, позитив айтқанды бұлжытпай орындайтын қыз болса болды. Оқып жүрген студент болса да жарайды. Түстен кейін істесе де, түске дейін істесе де мейлі, ең бастысы келген клиентті риза қылып жіберсе болды. Ал бизнес-жоспар, маркетинг анализ сияқты дүниелердің бәрін үйретемін. Сосын 100 000 теңге жалақысынан бөлек әр келісімшарттан 10% беріп отырамын. Мен ешкімнен 3-5 жылдық стаж сұрап жатқан жоқпын, жай ғана жауапккершілігі мол көмекші іздеп жатырмын. Резюмелеріңізді сәндеп, сауатты толтырып, тағы да жіберіп көріңіздер, айналайындар!
Ескерту: Мәлімет интернет беттерінен алынды.