“Үздік студент” байқауының ережесі

«Политех үздіктері-2017»  жастар сыйлығы туралы

ЕРЕЖЕ

 1. Жалпы ереже

1.1. «Политех үздіктері-2017» жастар сыйлығы (одан әрі – Жастар сыйлығы) талантты жастарды қолдау аясында өткізіліп отыр.

1.2.Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжінің директоры «Политех үздіктері-2017» жастар сыйлығының негізгі ұйымдастырушысы болып табылады.

1.3. Байқау коллледждің күндізгі оқу бөлімінің 2-4 курстарында оқитын студенттерінің арасында мынадай номинациялар бойынша өткізіледі:

  1. Үздік студент;

  2. Үздік топ басшы;

  3. Үздік топ;

  4. Үздік жас ғалым;

  5. Үздік жастар ұйымы;

  6. Үздік жас спортшы;

  7. Үздік жас әнші;

  8. Үздік жас биші;

  9. Үздік жатақхана бөлмесі; (қыздар, ұлдар)

  10. Үздік ақын;

1.4.   Жастар сыйлығын «Үздік топ», «Үздік жатақхана бөлмесі» (қыздар, ұлдар), «Үздік жастар ұйымы» номинацияларынан басқа номинацияларда тек бір адам ғана иеленеді.

1.5. Жастар сыйлығына тапсырылатын үміткерлер байқау арқылы анықталады. Жастар сыйлығын тапсыру жөніндегі шешім байқаудың сараптамалық комиссиясымен қабылданады.

2. Жастар сыйлығының мақсаты мен міндеті

2.1. Қазақстан Республикасы Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына орай ұйымдастырылған жастар сыйлығы кәсіби және қоғамдық жұмыста өзін-өзі көрсете алған, ғылым,  өнер және басқа да салаларда айтарлықтай жетістіктерге жеткен колледж жас азаматтарды ынталандыру, сондай-ақ жастар саясаты мен азаматтық қоғам қалыптастыруда өзіндік үлес қосқан  жас көшбасшыларды қоғам алдында беделін көтеру мен абыройын арттыру мақсатында жарияланады.

2.2. Байқаудың өткізу мақсаты: студент жастарының колледж өмірінің түрлі салаларын дамытуға қатысуы мен рөлін арттыру, үлгерімін, шығармашылық, әлеуметтік белсенділігін және басты мәселелерді шешуде студент жастардың әлеуетін пайдалануды ынталандыру, жастар сыйлығын салтанатты тапсыру рәсімі талантты жастарды қолдау аясында өткізіледі.

3. Жастар сыйлығын ұйымдастыру жұмыстары

1-тур: Байқауды жариялау. Байқау талаптары мен өтінімдер беру мерзімдері туралы ақпарат колледж сайтына орналастырылады және бөлім меңгерушілері мен оқу топтарының топ жетекшілері арқылы таратылады.

2-тур: Комиссия мүшелерінің номинанттарды іріктеу жөніндегі жұмысы. Жастар сыйлығын әрбір салаларында атағын беруге кандидаттар күндізгі оқу нысанында оқитын студенттердің қатарынан бөлім басшылығымен, топ мүшелерінің қатысуымен ұсынылады. Құжаттарды қабылдаудан кейін, номинанттарды іріктеуде арнайы құрамдағы комиссия белгілейді.

3-тур: Байқау қорытындыларын шығару. Байқау қорытындыларын шығару үшін директордың бұйрығымен арнайы құрамда комиссия құрылады. Комиссия құрамына колледж әкімшілік мүшелері, жастар комитетінің жетекшілері, спорт, өнер бағытында педагог-ұйымдастырушылар кіреді. Өз қызметінде комиссия осы ережені басшылыққа алады. Ұсынылған кандидаттарды бекіту комиссия мүшелерінің ашық дауыс беруі арқылы жүзеге асырылады, егер кандидат үшін отырыстағы комиссия мүшелерінің жартысынан көбі дауыс берсе, шешім қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең келген жағдайда төрағаның дауысы шешуші болып табылады. Комиссия шешімін колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары бекітеді және осы шешім негізінде бұйрық шығарылады. Қорытынды нәтижелерді комиссия мүшелері құжаттарды тапсырған күннен бастап 10 күн ішінде кешіктірмей жариялайды.

4. Жастар сыйлығын тапсыру талаптары

Жастар сыйлығы номинанты колледж, қалалық, облыстық қоғамдық өміріне қатысты жетістіктері болуы тиісті.Оның ішінде:

Ғылыми-зерттеу қызметіндегі жетістіктері үшін:

–  байқау қатысушысының ғылыми-зерттеу талдамаларының өзектілігі, жаңашылдығы, маңызы;

– колледжішілік олимпиадаларға және шығармашылық байқаулар мен ғылыми-практикалық конференцияларға қатысуы.

Мәдениет пен өнер саласындағы жетістіктері үшін:

–   колледждің, облыстың және қаланың мәдени әлеуетіне қосқан жеке үлесі;

– марапаттарының, жүлделі орындарының және шығармашылық байқаулары мен сайыстарындағы басқа да жеңістерінің болуы;

–  колледж студент жастарының бос уақытын ұйымдастыру саласын дамытуға белсенді қатысуы;

Спорттағы жетістіктері үшін:

– спорттағы жетістіктерінің, марапаттарының және атақтарының болуы;

– облыс,қала жастары арасында салауатты өмір салтын насихаттау бойынша белсенділігі;

– колледждегі бұқаралық дене тәрбиесі-сауықтыру жұмысын дамытуға белсенді қатысуы;

– жоғары деңгейдегі әрі спорт жетістіктерін насихаттайтын спорттық жарыстарға қатысуы.

5. Байқауға қатысу үшін үміткер келесі құжаттарды тапсыруы керек:

  • байқауға қатысу жөніндегі өтінім (қосымша 1);

  • жеке куәлігінің көшірмесі;

  • өзі жайлы арнайы слайд жасап, дискпен өткізу;

  • үміткердің жеткен жетістіктерін растайтын баспа, телевизиялық және электронды БАҚ-тан материалдар (мақалалардың кесінділері, газет, журналдан үзінді (немесе олардың көшірмелері); бейнесюжеттер, роликтер (электронды тасығышта); электронды БАҚ-қа сілтеме);

  • үміткердің атына берілген лицензиялар, патенттер, куәліктер, дипломдар, грамоталар, алғыс хаттар, сертификаттардың көшірмелері;

  • 3 сурет: құжаттарға арналған стандартты 1 сурет, «жұмыста» – 1 сурет, «бос уақытында» – 1 сурет (суреттер баспа және электронды тасығышта, JPEG форматында, 3000*2000 кем емес рұқсатта ұсынылуы тиіс);

  • «Неге мен «Жастар» сыйлығына лайықтымын» тақырыбында эссе (көлемі – MS Word 1 бетінен аспауы керек, қаріп Times New Roman, кегль 14, аралық 1,5).

5.1.  Байқауға қатысушы үміткер өтінімі талапқа сәйкес толтырылады. Байқауға қатысуға ниет білдірген үміткердің байқауға қатысуға жолдаған мәлімдемесінің мазмұны төмендегідей болуы тиіс;

5.2. Байқауға қатысуға ұсынылған өтінімдер 2017 жылы 15 желтоқсанға дейін қабылданады.

5.3. Осы ережеде көрсетілген талаптарға сай емес өтінімдер қабылдауға және тіркеуге жатқызылмайды.

6. Өткізілетін уақыты мен орны

Өткізілетін уақыты:  2017 жылғы 25 желтоқсан сағат 12:00-де

Өткізілетін орны:   Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжінің мәжіліс залы.

7. Байқаудың жеңімпаздарын марапаттау

7.1 Байқаудың жеңімпаздары 2017 жылғы 25 желтоқсан сағат 12:00-де Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледж мәжіліс залында өтеді. Байқаудың нәтижелері колледж сайтында және баспасөзде жарияланады, Байқаудың барлық жеңімпаздары Дипломдармен марапатталады.

Байқау туралы ережеге

1 қосымша